Ел қорғаған ер
“Ел қорғаған ер”
ҚАРАБАЛУАН
Біз Тәуелсіздіктің 30 жылын атап өтуге дайындалып жатырмыз. Осы уақыт ішінде толып жатқан ауқымды істер атқарылды.
Еліміздің бірінші президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аймақты қорғап, ұлттың болашағын, келер ұрпақты сақтап, туған жердің қарыс адымын да бермей, ұрпағына мирас етті. Елбасы: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»,-деді.
Осындай біртуар перзенттердің бірі Қостанай, Торғай өңірінен шыққан ел қорғаған батыр, халықты басқарған би – Жанұзақ (Қарабалуан) Алдиярұлы.
Шын аты Жанұзақ Алдиярұлы, Арғын тайпасының Тоқал арғын атанған атасының ұрпағы. Арғын тайпасы қазақ руларының ішіндегі ең көп және ұлы, дана адамдар көп шыққан ру.
Сүйінбай ақынның сөзімен айтсақ:
«Анау жатқан арғыным,
Арғын атқа қонғанда
Басыңнан сенің қарғыдым!
Арғын деген сансыз ел,
Мекен еткен қоныс қып
Дүниенің жарымын.
Ешкім басып көрген жоқ
Бұлардың қарқын, арынын!
Жерге кіріп кетерсің,
Олардың бассаң тамырын»
Тоқал Арғындардың Шағыр деген атасынын бәйбішесінен Саржетім, екінші әйелінен Сомжүрек, Аманжол туады. Саржетім әрі би, әрі батыр болып аты бүкіл қазаққа жайылған. Шәкәрімнің «Нартайлақ пен Нұрсулу» поэмасында осы Саржетім суреттелген. Саржетімнен Ағлан мен Жолдыбай туады. Жолдыбайдан Сүгір, Жиенбай тараса, Ағланнан Ақымбет, Бекімбет, Шымболат, Жауғашты туады. Қарабалуанның арғы атасы Жауғашты. Жауғаштыдан Мадияр, Алдияр, Құдияр туады.
Жанұзақ (Қарабалуан) Алдиярұлы 1688 жылы Қаратауда дүниеге келді.1723 жылы Қаратаудан осы күнгі Торғай, Қостанай жеріне ақтабан шұбырынды заманында қоныс аударған. Саржетім, Сомжүрек, Аманжол ұрпақтарын және Шағырдың Бөлтірік ағасынан тараған балаларын Қарабалуан би мен Жәнібек батыр бастап,Торғайдың Тосыны мен Обағанның бойына тегіс орналастырған. Солтүстіктен келген жаудан елді қорғау үшін Қарабалуан Обағанның бойынан, оңтүстіктен келген жауға соққы беру үшін Жәнібек Тосыннан қоныс алған. Қалған елді осы Тосын мен Обаған өзені арасындағы жерлерге туыстығына қарап орналастырған. Бұл жаққа көшіп келгенше Қарабалуан мен Жәнібек елін Жоңғарлардан қорғап, әскер басшысы болып, бүкіл қазаққа танылған батырлар атанған. Жоңғарлардан қорғап, әскер басшысы болып, бүкіл қазаққа танылған батырлар атанған. Жоңғарлар 1698,1711,1712,1714,1717,1721 жылдары қазақ еліне қарсы ірі шабуылдар жасаған. Осы жылдары қазақтың оңтүстік жағын түгелдей жақын басып алған. 1691 жылы, В.А.Моисеев деген тарихшының дерегі бойынша, Жоңғар хандығы қазақ ордасына елші жіберіп, қазақтар қалмақ дініне кірсін, ламаизмді қабылдасын, - деп талап қояды. Қазақтар бұл талапқа қарсы шығады. Осыдан бастап екі ел арасында ірі соғыстар болады. Қазақтар қалмақтарды жеңіп отырады. Сондықтан қалмақтар қолайлы жағдайды күтеді. Мұндай қолайлы жағдай Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін туа бастайды. Таққа отырған Болат пен Қайып хандар тұсында хан сарайы маңындағылардың ішінде алауыздық туып, бірлік бұзылады. 1720 жылы Қытай императоры Хан Син өліп, оның орнына отырған император Жоңғар ханы мен соғыспау жөнінде бітім жасайды. Қытай жақтағы қауіп осылай басталған соң, Жоңғарлар бұл беттегі көп әскерін Шу, Талас өзендерінің алқаптарына әкеліп қояды. Оның үстіне 1723 жылы «Ұлы жұт» болып, тігерге тұяқ қалмай, мал қырылып, халық жұтап қалады.
Міне, осы қолайлы жағдайды пайдаланып, қалмақтар 1723 жылы, ерте көктемде, тұтқиылдан шабуыл жасайды. Өрттей қаптаған жау қазақтарды аяусыз қырған, жас баланы да, қарттарды да аямаған. Тірі қалған жұрт туған жерлерін, ата қонысын тастап, беттері ауған жақтарына босып кеткен. Бұл «ақтабан шұбырынды» деп аталатын сұмдық апат еді. Міне, осы жылы біздің ұлы бабалармыз Ұлытау келіп, одан осы күнгі Торғай, Қостанай жеріне мәңгі қоныстанған. Көшіп келіп, естерін жинағаннан кейін Қарабалуан інісі Жәнібек, баласы Барақ, туыстары Мерген Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Қараман Бөкенбай Қожекеұлы, тағы басқа батырларды жинап, қалмаққа қарсы соғысқа аттанады. 1726 жылы Ордабасында қазақтың үш жүзінің елбасылары, батырлары бас қосып, жиын өткізеді. Осы жиынға Қарабалуан мен Жәнібек қатысып, жоңғарларға қарсы үш жүз бірігіп соғысуға шешім қабылдайды. Осы жиыннан кейін 1728 жылы Арқадағы Бұлантты өзенінің бойында соғыс болып, жоңғарларға қатты соққы берген. 1730 жылы Аңырақай деген жердегі соғысқа да Қарабалуан мен Жәнібек қатысып, екінші рет қалмақтардың әскерін талқандайды. Бірақ қалмақтар соғысуын тоқтатпайды. 1732-58 жылдары арасындағы қазақ жеріне бірнеше рет шабуыл жасап, ақырында енді қарсы тұра алмайтындай болып жеңіледі. «Көп жортқан жаудың басы жолда қалады»,-дегендей, 1758 жылы жоңғар мемлекеті жер бетінен бір жола жойылады.
Қарабалуан 1730 жылдан бастап соғыс істеріне араласпай, ел басқару жұмысына ауысады. Елді жаудан қорғауды інісі Жәнібек пен баласы Барақ батырға тапсырады. Өйткені қалмақтар жойылғанмен қазақ жеріне Ресей мен Қытай жағынан қауіп бұлты қалыңдай түскен.
Қарабалуан көпжылдық соғыста қажыған халқының жағдайын түзеп, ел арасында тыныштық орнатумен айналысады.
Қасиетті, аруақты Қарабалуан елін ойлаған мақсатына жеткізеді. Ақылы асқан даналығы арқасында халқының мәңгі ұмытылмайтын көсемі болады. 1738 жылы ел билігін інісі Жәнібекке тапсырады, Ел аузында:
«Қарабалуан, Жәнібек,
Қаздауысты Қазыбек,
Өлі де болсаң тірісің,
Өз атамның бірісің,
Қысылғанда сыйынатын пірімсің»,-десе,
А.Байтұрсынұлы өзінің «Бата» деген өлеңінде:
«Қарабалуан, Жәнібек,
Қаздауысты Қазыбек,
Тұлға болып артына
Жетім қалған халқына
Бір тиянақ қазық еді»,-деуі тегін болмаса керек.
Ел аузында: «Қарабалуан –асқар тау,бел емес пе,
Қауіп туса сыйынатын асқар тау сол емес пе!»,-десе,
М.Жұмабаев өзінің «Өткен күн» деген өлеңінде:
«Қаздауысты Қазыбек,
Қарабалуан, Жәнібек,
Жалғанда тумас ер еді»,-дейді.
Ал, аузы дуалы ақсақалдар бата бергенде:
«Алтайда Аққошқардай айбатты бол,
Шақшақта Жәнібектей сәулетті бол,
Жаппаста Жарасбайдай түйелі бол,
Қыпшақта Кенебайдай биелі бол.
Төменшекті Балуандай киелі бол!»-дейді.
Тоқал арғындар жоғары шекті, төмен шекті болып бөлінеді. Шағырдан туған Саржетім ұрпақтары төмен шекті, Сомжүрек пен Аманжол ұрпақтары жоғары шекті болып аталады. Бұлай бөлінуге негіз болған жылқының құлағына салынған енге байланысты деген сөз бар.
(Қарабалуан) Жанұзақ Алдиярұлы 1749 жылы Обаған өзенінің бойында қайтыс болған. Қарабалуанның денесін інісі Жәнібек Қошқарұлы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне апарып жерлеген. Бұл жерге қазақ елінің ұлы адамдарын, хандарын, сұлтандарын, батырларын, діни ғалымдарын жерлеу дәстүрлі XII-XIV ғасырлардан басталып, 1884 жылы Ресей әскери министрлігінің бұйрығымен тоқтатылған. 1997 жылы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі жөнделіп,осында жерленген адамдардың аты-жөні жазылып, көрнекті жерге ілінді. Осы тізімде біздің ұлы бабаларымыз: (Қарабалуан) Жанұзақ Алдиярұлы, руы Таз, Жәнібек Қошқарұлы-Шақшақ, Мешітбай Сүгірұлы - Сүгір, (Мерген) Теңізбай Бабасұлы – Әйдерке, Әлібек Құдайбердіұлы - Қажығалы, Бекбаулы Өтейұлы - Өтей, Шобан Жаманқұлұлы - Қырықмылтықтар, Мадияр Жауғаштыұлы – Мадияр бар. 1998-2000 жылдары ұрпақтары осы ұлы бабаларын еске алып, Түркістанға барып, бастарына зиарат етіп, құрбан шалып қайтты. Ұлы бабалардың ұрпақтары туған жерлерінде ас беріп, балаларының тәрбиелік мәні зор істері мен сөздерін жастарға жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын одан әрі жалғастыруда.
Алдияр қалай «Таз» атанды
Қаратөлке Қарабалуанның (Жанұзақ) анасы. Жауғаштыұлы Алдиярдың екінші әйелі. Қаратөлке анамыз Жанарыс (орта жүз) Найман тайпасының Бағаналы руының Жырық аталығынан. Қаратөлкені әуелі Саржетім Баубек, Құлқайдың әкесі, баласы Үсенге қырық жетісін матап беріп атастырады. Оң жақта отырғанда Үсен өліп, батаны бұзбаймыз деп Наймандар Қаратөлкені Баубектің екінші баласы Шағырға ұзатады. Шағырдан Жәдік, Тоқан деген екі ұл туғаннан кейін Шағырда қайтыс болады. Бір күндері Мадияр би Баубек байдың үйіне келіп, құран оқып, бай мен бәйбішені жұбатып біраз күн жатқасын, аттанар уақытта:- Қаратөлкені Шағырдың жылы өткесін Құлқайға некелеңдер,-дегенде, Ажар бәйбіше:
- Жоқ, келіннің жолы құтсыз болды, төрт апайдан біреу табылса, билігін өзіңе берер едік,-депті.
Мадияр би Қаратөлкені көріп: - Пай,Пай,мына шіркіннің бөксесі тұтасып жатырғой. Нар іспеттес жан екен, нар ұл туайын деп тұрғой, - деп жүріп кетіпті. Үйге келгесін інісі Алдиярды шақырып алып, Баубек байдың жесір келіні Қаратөлкені көшіріп әкеліп, отауын біздің үйдің оң жағына тік, мен Бұхарға жүргелі отырмын дейді. Ойы сапардан келген соң, Қаратөлкені некелеп алмақ болады. Сапардан оралған соң Қаратөлкені алмақ ойын айтқанда, Қаратөлке анамыз: -Айып етпесеңіздер, Алдиярмен сөзім бар еді, екіқабатпын,-дейді. Сонда Мадияр би: -Алда, Таз мұндар-ай деп санын соғып отырып қалыпты. Дуалы ауыз Мадиярдың айтуымен Алдиярдың руы «Таз» атанып кеткен.
Осыған дейін Саржетім руы болған. Саржетімнің ұрпақтары жеке-жеке: Мадияр, Таз, Шымболат, Өтеп, Құлқай, Сүгір, Жиенбет рулары болып аталады.
Енді Жанұзақ қалай Қарабалуан атанды
Сонымени Алдияр Қаратөлке әжемізге үйленді. Қаратөлкеден Алдиярдың Жанұзақ, Өмірзақ деген екі ұлы дүниеге келді. Қаратөлке үшінші балаға екі қабат кезінде Алдияр қайтыс болады. Алдиярдың бәйбішесі Қаратөлке әжемізді тең ұстамай араларында келіспеушілік туындайды. Тумысында өр де, өжет, адамгершілік қасиеті жоғары Қаратөлке бұл кемсітушілікпен келіспей, төркініне көшіп кетеді.
Қаратөлке әжемізден туған Жанұзақ пен Өмірзақ Алдиярдың бәйбішесінің тәрбиесінде қалады. Әкесі жоқ, тоқалдан туған балалар жетімдіктің зарын тартады. Осы екі баланың ауыр жағдайын естіген Мадияр би, әдейі Алдиярдың ауылына келіп, Жанұзақты өзім тәрбиелеймін деп алып кетеді. Мадиярдың ауылына келген соң да Жанұзақ қозы бағады, бірақ киімі көк, тамағы тоқ болады. Ойындағысын Мадияр биге еркін айта алатын болады.
Сонымен уақыт өте береді, Жанұзақ он-он екі жасқа келеді. Бір күні қозы бағып жүріп, Мадиярдың үлкен үйіне көп атты адамдар келіп түсіп жатқанын көреді. Қонақтар әңгіме дүкен құрып отырған кезде киіз үйге Жанұзақ жүгіріп кіреді. Сонда Мадияр би: Жанұзақ неғып жүрсің? - деп сұрайды. Жанұзақ: - Қозылар жайылып жүр еді, жаңа соған бір қара қабан шауып, соны қуып едім, қабан қашып келіп осы үйге кірді, дейді. Мадияр Жанұзақтың киесі бар екенін сезіп қонақтармен бірге отырғызады. Қонақтар тоқал Арғынның ең жақсылары мен жайсаңдары екен. Кіші жүзде жақында болатын Асқа бару жөнінде ақылдасуға жиналыпты. Мадяир осы асқа Жанұзақтың да баратынын айтады. Кіші жүздегі бұл асқа үш жүздің адамдары шақырылған екен. Аста ат жарыс, айтыс, балуандардың белдесуі тағы басқа көптеген жарыстар өтеді. Орта жұзден келген Арғын, Қыпшақтар бәйгенің көп түрінен жеңімпаз атанады. Тек түйебалуанға қарсы шығатын ешкім болмайды. Сол кезде Мадияр би орнынан тұрып:
Арғын, Қыпшақтан түйебалуанмен күресетін бір ұл тумаған ба? -деп айғай салады.
Сонда он екі жасар Жанұзақ орнынан тұрып: - Ата, батаңды бер, мен күресемін, - дейді.
Жанұзақтың күресетін қабілетін білмейтін Мадияр сасып қалып: - Сенің Түйебалуанмен күресетіндей қандай өнерің бар еді? - деп сұрайды. Жанұзақ сонда: - Үш-төрт жылдық қу тобылғыны бұрағанда майын шығаратын едім, - дейді. Мадияр Жанұзаққа батасын беріп, түйебалуанмен күресуге шығарады. Түйебалуан ірі, Жанұзақтан екі-үш есе үлкен. Күресуге кележатқан баланы менсінбей, келген бетте белінен ұстап, үйіріп-үйіріп, лақтырып жібереді. Бірақ Жанұзақ құламай аяғынан тік тұрады. Түйебалуан осы әдісін үш рет қолданады, бірақ Жанұзақ аяғынан тік түседі. Содан кейін кезекті Жанұзаққа береді. Жанұзақ түйедей Түйебалуанды белінен ұстап көтеріп алып, басынан асыра үйіріп, жерге алып ұрады. Сонда Түйебалуанның ортан жілігі сынып кеткен екен,-дейді. Бүкіл орта жүздің жанкүйерлері түйебалуанды жыққан Жанұзақты көтеріп «Қарабалуан, Қарабалуан...» деп айғай салады. Мадияр би Жанұзақты қарсы алып, бетінен сүйіп, енді сен Қарабалуансың, - дейді. Сөйтіп он екі жасар Жанұзақ бала Қарабалуан атанып кетеді. Тарихта да осы лақап, Қарабалуан аты қалды. Саржетім Қарабалуан Алдиярұлы атанады.
Қарабалуанның ұрпақтары ел басқарған би, аға сұлтан, болыс болды. Министрлер, облыс, аудан әкімі болып та істеді. Ақын да, жазушы да, өнер адамдары да көптеп шықты.
Ата жолын жалғастыратын, келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар да баршылық.
Үлкенге құрмет жасап, кішіге қамқор болып келе жатқан Қарабалуанның ұрпақтары тәуелсіздігімізге мызғымай, тіл мен дін мәселелеріне, тарихымызды түгендеп мәдениетімізді дамытуда ерекше белсенділік көрсетіп, қазақ халқының дағдырына патриоттық сезіммен қарап, тәуелсіздігіміздің мызғымай, мәңгілік болуына ат салысуда.
Қарабалуан-Жанұзақ Алдиярұлы қазақтың біртуар тарихи тұлғасы қазақ халқымен мәңгі бірге жасап, ұрпақтарының піріне айналды. Мәңгі солай болып қала береді.
Әкімбек қажы Қабденұлы
26 қараша 2021 жыл